"Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны" КМҚК

Жақып Ақбаев

(1876-1934)

Ақбаев Жақып (1876-1934) – ғалым, тарихшы, қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының белді өкілі, заңгер, бірінші құқықтану магистрі.

1876 ж. дүниеге келген. 1886 ж. Ж. Ақбаев Қарқаралы мектеп-интернатында оқыды. 1889 жылы Омбы гимназиясында оқиды, сол жылы Томск гимназиясына оқуға түсіп, 1898 ж. бітіріп шығады. Гимназияны бітірген соң Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, 1903 ж. алтын медальмен аяқтайды. Университеттің үшінші курсында оқып жүргенде Санкт-Петербург археология институтына түседі. Ол патша өкіметінің әділетсіздігін, отаршыл саясатын сынайды. Студент кезінде қазақ интеллигенция өкілдері  Б. Құлманов, Р. Мәрсеков, Н. Айдарханов, Ж. Сейдалин, М. Тынышбаевпен т.б. тығыз байланыста болады.

1903 ж. Ж. Ақбаев Омск сот ведомствосында, 1904 ж. осы ведомствоның хатшысы, 1905 ж. әлемдік сот қызметтерін атқарды. 1905-1907 жж. төңкеріс Ж. Ақбаевтың саяси белсенділігінің оянуына ықпал етті: осы жылдары ол митингілер мен жиындарда сөз сөйлеп, Омск, Петропавл, Семей, Павлодар, Баянауыл және Қарқаралы қ. көтерілістерге қатысты. “Степной край” (Омск) газетінде жариялаған мақалаларында патша билігі, полицияның өктемдігі,  шенеуніктердің парақорлығын әшкерелеп, халықты патша өкіметінің отаршыл саясаты мен қанауына қарсы бас көтеруге үндеді. 1907 ж. Ж. Ақбаевтың ғылыми қызметінің маңызды кезеңі болып табылады. Осы жылы  «Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов» диссертациясы негізінде ғылыми еңбегі жарық көрді.

1906-1918 жж. Ж. Ақбаев Семей округтік сотында қызмет етті. 1906 ж. оны мемлекеттік қылмыстық ісі, императорға тіл тигізгені, мемлекеттік құрлысқа қарсы үгіт және насихат жұмыстарын жүргізгені үшін тұтқындалды. 1908 ж. Омскіге, кейін Якутияға жер аударылды. 1910 ж. патшаға қарсы үгіт жұмыстарын жалғағаны үшін, қайтадан Тобылға жер аударады. Ол 1917 ж. Якутияда ақпан демократиялық төңкерісіне қатысқан.

1917 ж. саяси үндеулер таратқаны үшін Уақытша үкімет тұтқынға алды. 1917 ж. Ж. Ақбаев Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланды. 1917 ж. шілде айында ол Орынбор қ. Жалпықазақ сьезіне қатысады. Алашорданың 2-съезінде тұрақты әскер (26,5 мың адам) құру идеясын ұсынады. Алашорда үкіметіндегі қызметінен кейін Қарқаралы қазақ комитетін басқарады.

1919 ж. 7 шілдеде Колчак әскери-дала соты Ж. Ақбаевты халықты колчак билігіне қарсы көтеріліске бастағаны үшін ату жазасына кесті. Кейін жазадан құтылған соң, 1919-1927 жж. Семей облысында сот мекемелерін ұйымдастыруға белсенді қатысты. Семей губревкомының заң бөлімінің төрағасы, Семей губерндік халық соттары кеңесінің мүшесі, заң бөлімінің меңгерушісі және Сырдария округтік адвокаттар коллегиясының мүшесі болды. 1921-1924 жж. ол Қарқаралы уезі халық ағарту бөлімінің инспекторы және фольклор жинау жөніндегі комиссия хатшысы қызметін атқарды. 1929 ж. соңында Ж. Ақбаев заңсыз репрессияға ұшырап, Воронежге жер аударылды. 1934 жылы денсаулығына қарай мерзімінен бұрын босап, Алматыға оралады. Сол жылы 60 жасында қайтыс болды. 1958 ж. 28 ақпанда Қазақ ССР-і Жоғарғы сотының шешімімен ақталды.

Ж. Ақбаев әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде, қазақтардың отбасы құқығын зерттеп,  мерзімді басылымдарда публицистикалық материалдар жариялады.

Басшы

Абишева Назым Болатовна Өмірбаян