"Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны" КМҚК

Нұркен Әбдіров

(1919 — 1942)

Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров 1919 жылы тамызда Қарқаралы өңірінде бұрынғы бесінші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы ауыл округінде дүниеге келген. Отбасы қарапайым шаруа болған. Ата-анасымен бірге Қарағандыға қоныс аударған соң осы қалада әуе клубында ұшқыш мамандығын игерген. 1939 жылы Қарағанды аэроклубының ұшқыштар курсын бітірді. Осы оқу ордасының алғашқы түлектерінің бірі болды. Қызыл Әскер қатарына 1940 жылы шақырылды.

Соғыс басталған кезде Нұркен Орынбордың әуе училищесінің курсанты болып оқып жүрген. 1942 жылы оқуды бітірген соң оған қысқа мерзімді демалыс берілген, алайда ол бұл демалыстан бас тартты. «Мен фашистердің үнін ажал оғымен өшіру үшін асығып, үйге бармадым…» деп жазып, майданға аттанады.

Орынбордың әуе училищесін тәмамдаған Нұркен Әбдіров 1942 жылы 9 қазанда 267 әуе дивизиясының 808-ші шабуылшы полкі құрамына кіреді. 23 қазанда алғаш рет жауынгерлік тапсырмамен ұшады.

«Мен жас жанымды бос бере қоймаймын. Өлсем, жастығымды ала жатамын. Астымда фашистің күлін көкке ұшыратын ұшқыр ұшақ бар. Маған сеніп тапсырылған осы техниканың тегеурінін жауға қарсы бағыттауым керек…Егер жаудың көзін жоймасақ, олар елге қауіп төндіреді. Сіздерге бұрынғыдай қызықты уақыт пен бостандық болмайды…» деп жазды ол ұшар алдында.

Әбдіровтің көзсіз ерлігі

Барлығы 17 әуе шайқасына қатысқан Әбдіров жаудың 18 танкісін, 28 жүк көлігін, оның ішінде оқ-дәрі тасыған 18 көлікті, жанармай құйған 3 цистернаны, үш зеңбіректі талқандады. Сонымен қатар бес зенит қондырғысын, бірнеше жабық атыс ұясын, талай жау әскерін жайратты.

1942 жылы 19 желтоқсанында соңғы 17-ші жауынгерлік тапсырманы орындауға ұшты. Бұл күні Нұркен Боков-Пономаров ауданындағы дұшпанның көптеген танкі шоғырланған және күшті бекінген шебіне «ИЛ-2» самолеттер звеносын бастап баруға бұйрық алды. Әбдіров жаудың бірнеше дзотын, зенитті артиллериясының екі ұясын, алты танкісін жойды.

Жау жағы да қарап қалмады. Атылған жау оғының бірі Әбдіровтің ұшағына тиіп, ұшақ жана бастады. Ол отқа оранған ұшағын жау әскері шоғырланған тұсқа қарай бағыттады. Осылайша құлдилай құлаған ұшақ ішіндегі Нұркен Әбдіров пен оның қандыкөйлек серігі атқыш әрі байланысшы Александр Комиссаров екеуі жаудың қаншама әскерін қырып, 1942 жылы 9 желтоқсанда ерлікпен қаза тапты.

Осы ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылдың 31 наурызында «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

«Отанға деген менің жалынды сәлемімді жеткіз! Қош!»

Әбдіровтің бұл ерлігін майдандағы достары соғыс біткен соң хатқа түсірді. Соның бірі жауынгерлік тапсырмаға Нұркен Әбдіровтің экипажымен бірге шыққан, жау әскерін бомбалаған Алексей Писанконың экипажы болатын. Майдандас досы Писанко Әбдіровтің ұшағына оқ тигенін көріп, ұрыстан шығуын сұраған. «Ұрыстан шық, мен сені қорғаймын, өзіміздің шепке қарай бұрыл!» деп жанталаса айғайласа керек.

Алайда Әбдіров отқа оранған ұшақты жанар-жағармай таситын көліктерінің жанында шоғырланған неміс танкілеріне қарай бұрды. Салмағы алты тонна ұшақ жанар-жағармай құйылған цистернаға соғылды. Жойқын жарылыстан жер сілкінді. Жаудың алты танкісі, екі зеңбірегі, ондаған солдаты мен офицерін жойды.

Басшы

Абишева Назым Болатовна Өмірбаян