Музей туралы ақпарат
Қарқаралы музейі 1977 жылы 7 қарашада ҰОС ардагерлері Ә.Аймақов, С.Аманбаев, Б.Иманқұлов, Ш.Мезгілбаев, Н.Спатаев бастаған ынталы топтың бастамасымен қоғамдық негізде құрылды. Музейді құруға Б.Дуанбеков, Қабден Баймұханбетов, Ж.Қадауов, Е.Едігин, С.Түсіпбеков, М.Аубакиров, Т.Тохметов, Б.Ахметова, А.Омарбаев, А.Ахметов атсалысты. Музей кеңесі құрылып, кеңес төрағасы болып Ш.Мезгілбаев сайланады. Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1979 жылдың 5 қазанындағы №511 өкімі және Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1979 жылдың 11 қазанындағы №462 бұйрығы негізінде Қарағанды облыстық музейінің филиалы болып ашылды. 1980 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі болып жеке шаңырақ көтерді. Музей ғимараты 1870 жылы уездік патшалық кеңсе ретінде салынған. Жергілікті халық «Ақ кеңсе» деп атаған. Осы ғимаратта 1918 жылы алғашқы Совдеп орналасқан. Көрнекті мемлекет қайраткерлері: Н.Нұрмақов, М.Татимов, А.Асылбеков, У.Жәнібеков қызмет атқарған. 1934 жылы мемлекет қайраткері С.М.Киров келіп, партактивпен жиналыс өткізген. Музей қорында 8624 ге тарта жәдігерлер бар, оның ішінде негізгі қор 7005 сақтау бірлігін құрайды. Жыл сайын музей қорлары 174 сақтау бірлігі көлемінде археологиялық және этнографиялық материалдармен толықтырылады. Мұнда археология, этнография, қолданбалы қолөнер бұйымдары, нумизматика, сирек кітаптар, картиналар, құжаттар мен фотоматериалдар саласындағы құнды жәдігер сақталған.