"Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны" КМҚК

«Қоянды жәрмеңкесі» картинасына аннотация

Бұл композицияның негізінде автордың бала кезінде атасы Смағұлдан естіген естеліктер жатыр. Жас шағында Қоянды жәрмеңкесіне барған Смағұл қария сол дәуірдің тіршілігін, даланың қайнаған өмірін көзімен көрген.
Атаның әңгімесінде жәрмеңкенің рухы ерекше сезіледі. Бірде ол үлкендерге ілесіп барып, үш теңгеге серке сатып алады. Малын сойып, етін бірге жүрген қарияларға асып береді. Ал шегін, қарнын жуып сатып, кейін терісін тұздап өткізіп, жұмсаған ақшасын қайта шығарып алады. Осы бір қарапайым оқиға – дала адамының тіршілікке бейімділігі мен табиғи есепшілдігінің көрінісі ретінде автор жадында сақталып, картина мазмұнына өзек болған.
Картинада жәрмеңкенің кең тынысты панорамасы бейнеленген: жан-жақтан ағылған саудагерлер, мал мен түрлі тауарлар, қазақтың өз өнімдері – ет, тері, киіз бұйымдар. Ресейден келген құрал-сайман, шай, қант; Орта Азиядан жеткен тәттілер – барлығы да бір кеңістікте тоғысып, дала өмірінің байлығын аша түседі. Бұл жерде тек сауда емес, үлкен мәдени мереке өтеді: әншілер, өнерпаздар, балуандар жиналады. Композицияда қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өнер көрсету сәті бейнеленіп, жәрмеңкенің рухани қуатын айшықтайды.
Сонымен қатар, Қоянды жәрмеңкесі қазақ қоғамының саяси өмірінде де маңызды орын алған. Осында қазақ зиялылары бас қосып, ел тағдырына қатысты мәселелерді талқылаған. Сондықтан жәрмеңке – тек экономикалық емес, мәдени әрі қоғамдық ойдың тоғысқан орталығы.
Автор бұл туындысында Қоянды жәрмеңкесін қазақ даласының бір кезеңдегі тірі жүрегі ретінде көрсетеді. Картинада өткен дәуірдің тынысы, халықтың өмірге икемділігі мен кең дүниетанымы көркем тілмен берілген. Атаның қарапайым естелігі арқылы үлкен тарихи құбылыстың мәні ашылып, ұрпақтар сабақтастығы бейнеленеді.
Бұл шығарма Қарқаралы өңірінің тарихи жадын жаңғыртып, көрерменді өткен дәуірдің шынайы болмысымен табыстырады.
Сембіғали Смағұловқа «Қоянды жәрмеңкесі» атты картинасын Қарқаралы тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартқаны үшін музей атынан сертификат табысталды.

Басшы

Абишева Назым Болатовна Өмірбаян