⚜️ Меллер сейфі
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің қорына құнды жәдігер — Меллер сейфі табысталды. Бұл сыйды аудандық қазынашылық басқармасының басшысы М. Тойынбеков музейге тарту етті.
Аталған сейф 1857 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында жасалған. XIX ғасырда мұндай сейфтер қаржы мен маңызды құжаттарды сақтау үшін кеңінен қолданылған сенімді құралдардың бірі болды. Меллер сейфтері сапасы мен беріктігімен танылып, қалың темір қабырғаларымен, күрделі құлып жүйесімен ерекшеленді. Кейбір үлгілері отқа төзімді болып, құндылықтарды тек ұрлықтан ғана емес, өрттен де қорғауға мүмкіндік берген.
Сол кезеңде Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында темір сейфтерді өндіретін арнайы шеберханалар мен зауыттар жұмыс істеген. Мұндай сейфтер банктерде, мемлекеттік мекемелерде және ірі саудагерлер арасында кең таралған.
Қоянды жәрмеңкесі сияқты ірі сауда орталықтарында ақша айналымы жоғары болғандықтан, осындай сенімді сақтау құралдары ерекше қажет болды. Сондықтан бұл сейф сол дәуірдегі сауда-саттықтың дамуы мен қаржы сақтау мәдениетінің деңгейін айқын көрсететін құнды тарихи жәдігер болып табылады.
Бүгінде Меллер сейфі музей экспозициясында ерекше орын алып, келушілерге XIX ғасырдағы тұрмыс пен экономикалық өмірдің көрінісін таныстырады. Бұл жәдігер Қарқаралы өңірінің тарихи-мәдени мұрасын толықтырып, өткен мен бүгіннің арасындағы сабақтастықты айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі.











