Жылқы әбзелдері
⚜️ Қазақ халқының ер-тұрман жабдықтары сақ, ғұн және көне түрік тайпаларының ер-тоқым жасау дәстүрінің заңды жалғасы болып табылады. XX ғасырдың басына дейін қазақ арасында ерлердің 20-дан астам үлгі-нұсқалары кеңінен қолданылған. Әрқайсысы өзінің құрылымы, жасалу тәсілі және қолданылу ерекшелігімен дараланған.
Ұлттық мәдениетімізде ер-тұрман жасау өнері ерекше орын алады. Оның жасалу технологиясы, аймақтық ерекшеліктері мен қолданылу аясы кең. Халық арасында «ер-тоқым», «ер-тұрман», «төрт-тұрман», «бес тұрман», «ат-анжам» сияқты атаулар кездеседі. Бұл атаулар қазақ халқының жылқы мәдениетінің қаншалықты бай әрі терең екенін көрсетеді. Дегенмен, бұл атаулардың жүйелі түрде зерттелуі әлі де толық қолға алынбаған.
Көшпелі өмір салтын ұстанып, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы үшін жылқы – басты көлік құралы болған. Осыған байланысты ер-тұрман жабдықтарының күнделікті өмірдегі маңызы зор болды. Ол тек тұрмыстық қажеттілік емес, сонымен қатар халықтың эстетикалық талғамын, шеберлік деңгейін көрсететін мәдени мұра болып саналады.
Музей қорында сақталған бұл ер-тұрман – қыз балаға арналған ерекше бұйым. Ол қайың ағашынан және киізден жасалып, күміспен әшекейленген. Жәдігерді қолөнер шебері Н. Дүйсенқұлов жасаған. Өлшемдері: ұзындығы – 50 см, ені – 30 см, биіктігі – 25 см.
Бұл ер-тұрман – қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің озық үлгісі ретінде тарихи-мәдени құндылығы жоғары жәдігер болып табылады.








