Қарқаралының киелі жерлері
Тарихи ғимараттар, ескерткіштер! Қарқаралы қаласының тарихы
Тарихи ғимараттар, ескерткіштер
Қарқаралы қаласының тарихы

— 1824 ж.- Қарқаралы – қамал қорғаны (крепость)
— 1827 ж. – станица
— 1869 ж. – уездік орталық
— 1920 ж. 22.06.– уездік Бюроның правосындағы Қарқаралы аудандық бюросы, 1928-1930 ж.ж. – Қарқаралы округтік комитеті
— 1930-1934 ж.ж. – Қарқаралы аудандық комитеті
— 1934-1936 ж.ж. – Қарқаралы округтік комитеті
— 1936 жылдан Қарағанды облысының құрамында
— (1932 жылдан 1936 жылғы қыркүйекке дейін Қарағанды облысының орталығы Петропавл (Қызылжар) қаласында болған)
— 1920 жылдан Қарқаралы уезі (уездік комитет) Семей губерниясының құрамында болып, 1928 жылдың 17 қантарында құрамында 7 ауданы бар Қарқаралы округі құрылған (Абыралы, Ақсары, Балқаш, Берікқара (Милыбұлақ), Қу, Шет, Шұбартау)
— 1930 жылдың 17 желтоқсанында Берікқара, Қу ауданының кейбір бөлімінен және Қарқаралы қаласы құрамында Қарқаралы ауданы құрылды.
— 1932 жылдың наурызында орталығы Семей қаласы болған Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді
— 1934 жылдың 4-шілдесінен Қарқаралы округі.
— 1936 жылдың 29-шілдесінен, округ тарауына байланысты, аудан Қарағанды облысының құрамына берілді.
Қарқаралы 1824 жылы сәуірдің 8 күні Сібір қазақтары дала губернаторлығының әкімшілік-аумақтық орталығы — станица негізінде, Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланған. 1868 жылы уездік қалаға айналды. 1928 жылға дейін Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінің, 1928-1930 және 1934-1936 жылдары Қарқаралы округінің орталығы болды. 1930-1934 және 1936 жылдан Қарқаралы ауданының орталығы. 19-ғасырдың екінші жартысында жері шұрайлы, жайылымы малға, қойнауы кенге бай Қарқаралы Орта Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени — ағарту орнына айналды. Мұнда саяси тұтқындар жер аударылды. Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін белгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Мұнда талантты әншілер мен артистер (Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, М.Уәлиева ) өз өнерлерін, ал Қажымұқан Мұңайтпасов күрес бәсекесін көрсетіп тұрған. Қарқаралы тарихы ұлы Абайдың есімімен тығыз байланысты. Әкесі Құнанбай қажы Қарқаралыда көктөбелі күмбезді мешіт салдырып өз атын ұрпақтарына мәңгілік ескерткіш қылып қалдырып кеткен кемеңгер еді.
1918 жылы алғашқы Совдеп орналасқан үй
Қарқаралы аудандық тарихи өлкетану музейі 1870 жылы аяздық Ақ кенсеге арнап салынған. 1918 жылы осы ғимаратта алғашқы Совдеп орналасқан. Тек 1977 жылы 7 қарашада тарихи музей болып ашылды.
Музей жұмыстарына басшылық жасаған аудандық партия комитетінің 1 хатшысы Шаекин М.Ш. және облыстық музей қызметкерлері болды.
Қарқаралы музейінің ашылу идеясы В.И.Лениннің туғанына 100 жылдығына арналған. ҚазССР Совет Министірінің 1979 жылдың 5-қазанындағы №462 өкімі бойынша Қарағанды облыстық мұражайдың филиалы болып бекітілді. 1980жылдың 1-қаңтарынан Қарқаралы аудандық тарихи өлкетану музейі болып жеке бөлініді.
Музей құрылғанда негізгі қорында 567 жәдігер, қосымша қорда 50 жәдігер болатын. Бүгінгі күні музейдіңң негізгі қорында 6981 жәдігер болса, қосымша қорында 1619 жәдігер.
Қарқаралы тарихи өлкетану мұражайының негізгі бағыты: Ғылыми зерттеулер; Қор жинақтау; Экспозицияны орналастыру; Ғылыми ағарту ісін жүргізу. Музей негізінен 7 залдан тұрады:
1. Археология залы;
2. Ұлы дала шежіресі залы;
3. Этнография залы;
4. Қарқаралы 19-20 ғасырларда залы;
5. Рухани жаңғыру;
6. Космос залы;
7. Суреттер көрмесі залы;
Құнанбай қажы мешіті .
Қарқаралыдағы мешіт құрылысын бастау туралы алғашқы тарихы дерек 1847 жылдан басталды. Қазақстан Республикасының мұрағатының “Пограничное управление киргизскими делами атты 374 қорында: Дело о строительстве мечети в Каркаралинском селении” деп аталатын іс 32 құжаттан тұрады. Бұл іс 1847 жылдың 11 қазанында басталып,1851 жылы 18 қыркүйекте аяқталған.
Құнанбай қажы мешіті – Абайдың әкесі Құнанбай 1849 жылға дейін Тобықты болысының управителі лауазымын атқарып содан кейін 1852 жылдың соңына дейін Қарқаралы дуанында аға сұлтан болған. Осы кезеңде Құнанбай Өскенбайұлы Қарқаралыдағы мұсылман жұрты үшін мешіт салғызған. Құнанбай мешіті имандылық пен адамгершіліктің орны болып әр түрлі ұлттық дәстүрлердің орталығы болып келген. Совет өкіметі кезеңінде бұл дәстүрлерге тиым салынып, әсем архитектурадағы мешіт үйі бұзылып әр түрлі шаруашылық үйі, мекемелерге айналып ақыры өзінің алғашқы келбетін жоғалтты. 1991 жылдан бастап халықтың талап – тілегіне сай осы мешіт қайта күрделі жөндеуден өтіп, бұрынғы қалпына келтіріліп, қайтадан жұмыс жасай бастады.
Абай тоқтаған үй.
Қарқаралы жері – талай ғұлама ғалымдарының ізі қалған қасиетті мекен.Қарқаралы тарихын айтсақ, мешітті айтпай кетуге болмайды, мешітті айтсақ Құнанбаймен байланыстырамыз. Құнанбайда айтсақ Абай туралы ой қозғаймыз. Осы екі ұғымды тығыз байланыстырып тұрған тағы бір тарихи дерек, Қарқаралыда Абай тоқтаған үй бар.
Бұл үй ХІХ ғасырда Қарқаралыда өмір сүрген Халиолла Бекметов деген татар көпесінің үйі. Ол сауда саттық және әртүрлі кәсіппен шұғылданып мол дәулет жинаған. Халиолла өзі өмір сүрген кезде Қарқаралдағы белді – беделді адамдардың бірі болды. Ағарту саласы мен дін мәселелеріне баса назар аударып, мешіт, медресе үйлерін салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға өзінше үлес қосты. Х.Бекметов Абайдың әкесі Құнанбаймен сыйлас болып жақын араласып тұрған. 1848 – 1850 жылдары Абай Қарқаралыға келгенде осы Х.Бекметовтің үйіне түсіп жүрген.Бүгінгі күні бүл үй қайтадан күрделі жөндеуден өтіп бұрынғы қалпына келтірілді.
Қоянды жәрмеңкесі

Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылы ашылып, 1930 жылға дейін жыл сайын өткізіліп тұрған, ол алғаш «Ботов жәрмеңкесі» деп аталған. Қарқаралы қаласынан 50 шақырым жерде. Кезінде Орталық Қазақстандағы ең ірі сауда орны болған.
Жәрмеңкенің алғашқы саудасы киіз үйлерде жасалса, 1871 жылдан бастап арнайы орындар салына бастады. Жәрмеңкедегі негізгі сауда-саттық түрі жылқы, ірі қара, қой, ешкі сияқты малдарды сату болған. Сонымен қатар мал өнімдері және шай, сары май, жеміс түрлері, азиялық маталардың түрлері болды. Қоянды жәрмеңкесі өзінің алғашқы кезінен бастап Қытай, Монғолия сияқты көрші елдермен байланыста болды.
1855-1862 жылдары қазақтардың мал санының азайып кетуіне қарамастан 1869 жылы Қоянды жәрмеңкесінде саудаға түскен мал басы жарты миллионнан асып түскен. 1869 жылы Семей губерниясының әскери губернаторы Полторацкий мен Қарқаралы уезінің бастығы штабс-капитан Тихонов Қоянды сауда орнын жәрмеңке ретінде тануға бұйрық шығарды.
1869 жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі Қоянды жерінде жыл сайын 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыруды бекітеді. Бұл сауда орны оның негізін қалаушы орыс көпестерінің құрметіне орай Ботов жәрмеңкесі деп аталады. Қоянды жәрмеңкесі жылдан жылға күшейе түседі. 1900 жылы жәрмеңкеде 30 дүкен, 276 шағын дүкен, 700 астам киіз үй болған. Жыл сайын сатуға 200 мыңнан астам жылқа, ірі қара, қой-ешкі түссе, оның 60 проценті Жетісудан, 7 проценті Қытайдан әкелінген.
Жәрмеңке – ірі мәдени орталық та болған. Мұнда атақты Майра, Әміре, Қали, Иса, Қажымұқан өнер көрсеткен.
1928 жылы Жәрмеңкеде «Халық үйі» жұмыс істеп, мұнда қазақша спектакльдер қойылған. Оқу залының есебінде 3300 адам болған. Патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты «Қарқаралы петициясы» осы жәрмеңкеде туған.
1930 жылы жәрмеңкенің құрылыстары жаңадан құрылған колхоздарға берілді. Қазір мұнда бұрынғы «Қоянды» совхозынан бөлінген шаруа қожалықтары бар.
Потанин тоқтаған үй
ХІХ ғасырда қала құрлысы кешенінде салынған – сол кезде Г.Н. Потанин, Ш. Уэлиханов тоқтаған үй. Ә.Бөкейханов көшесінің бойында қызыл кірпіштен өрнектеп салынған көп бөлмелі еңселі үйдің қабырғасында мемориалдық тақтада: “Бүл үйде 1913 жылы орыс саяхатшысы, ғалым, этнограф Г.Н.Потанин болған” деп жазылған.
Бұл ғимаратты Қарқаралы көпесі А.С.Рязанцев 1870 – 1880 жылдары қыздырылған қызыл кірпіштен салғызған. Г.Н. Потанин тоқтаған орыстың ірі көпесі А.С. Рязанцевтін үйінде кәзіргі уақытта аудандық көпшілік кітапханасы орналасқан.
М.М.Пришвин тоқтаған үй (ХІХ ғасыр)
Орыстың тамаша саяхатшысы, жазушы М. Пришвин ең алғаш “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” қисасын Қарқаралы қаласына 1909 жылы келген сапарында осы төңіректен естіп жазып алған. М.М. Пришвин Қарқаралы уезіне келгенде өзінің танысының үйіне түсіп жүрген. Бұл үй бүгінгі күні Т. Аубакиров көшесі 33 үй салауатты өмір және кәсіпкерлер бөлімінің ғимараты.
Әлихан Бөкейханов оқыған мектеп
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.
1905-08 жж. А.Байтұрсынов мектеп меңгерушісі болып қызмет еткен.
1921 жылы Ә.Ермеков мұғалімдер техникумын (педтехникум) ашқан.
Орманшы үйі (ХІХ ғасыр)
Орманшы үйі Кенесары асуындағы таулы қойнауына орналасқан. Бұл үй 1913 жылы салынған, мұнда Л.Садовничий деген ең алғашқы орманшы тұрған. Ол Қарқаралы топырағына тұңғыш “Сібір шыршасы” мен балқарағай ағаштарын өсірген.
Іргесі көтерілгеніне 93 жылға жуық болған орманшы үйінің архитектуралық көркі көз тартады. Бөренеден қиып салынған екі қабатты ғимараттың терезе карниздері әшекей өрнектермен әспеттелген. Жалпы бүгінде мұндай архитектуралық нұсқада салынған ғимарат бұл төңіректе кездеспейді.
Табиғат музейі
Қарқаралының Тасбұлақ шатқалындағы әдемі көріністі жерге орналасқан. Екі қабаттан тұратын ағаш үйде әр түрлі емдік шөптер фаунасы жинақталған көрме залы, түрлі силықтар қойылған зал және демалыс бөлмесі бар. 80 гектарлық қоршалған алаңға: бұғы, пони, қодас, кербұғы, бизон және т.б. жабайы аңдардың түрлері жіберілген
Ақжол тарихи-өлкетану музейі.

Музей 1993 жылы ашылған. Жалпы ауданы 168 ш.м., экспозициясының ауданы 74ш.м. Музей қорында 1262 жәдігер, негізгі қорда 1012 жәдігер сатаулы. Оның ішінде өлке тарихының құжаттары және қолданбалы өнер бұйымдары бар.
Халық әртісі Қалибек Қуанышбаев, Кеңес Одағының Батыры Мамыраев, Қ.Р. түңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке арналған экспозиция залдарында жеке заттары, фотосуреттері, кітаптары және тағыда басқа құнды жәдігерлер қойылған. Этнография залында қазақ халқының материалдық мәдениетінің тамаша үлгісі киіз үй және оның ішкі жабдықтары жақсы көрсетілген.
Егіндібұлақ тарихи-өлкетану музейі.
Музей 1989 жылы құрылған. Музей қорында 1468 жәдігер, негізгі қорда 1082 жәдігер бар. Сонымен қатар аймақтың белгілі тұлғалары туралы материалдйр, этнография және декоративті қолданбалы өнер бұйымдары, жалпы өлке тарихы жайлы материалдар көптеп жинақталды. Музей экспозициясына Семей полигоны және “Невада-Семей” ядролық қаруға қарсы қозғалыс туралы материалдар қойылған. Бейнелеу өнері бойынша жергілікті суретшілердің туындыларын тамашалауға болады. “Қоянды жәрменкесі” экспозиция залында жәрменке қызметі туралы фотосуреттер бар. Олар Семей қаласының архивінен алынған.
Тарихи орындар
Шайтанкөл
Қарқаралы қаласының оңтүстік-батысында 5 км жерде, Бұғылы тауының теңіз деңгейінен 1200 м биіктігінде орналасқан.
Ұзындығы 60 метр, ені 40 метр. Оңтүстік, батыс, солтүстік жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 м және одан да биік. Қар, жаңбыр суымен толығады.
Гранитті жартаспен қоршалған. Көлді хош иісті қарағай орманы қоршаған. Жауын-шашын мол жылдары артық су шарасынан асып, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Көл құрғамайды. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы, тағы басқа бұта өскен қалың ну орман көлеңке түсіріп, көл суын көп буланудан сақтап тұрады. Көлдің ғылыми, тарихи, туристік маңызы зор. С.Мұқановтың “Сұлушаш” поэмасында осы көлдің көркі әдемі өрнегін тапқан. Жазда көл — әйгілі демалыс орны. Қарқаралы жері — тұнып тұрған аңыз-ертегі. Солардың ішінде Шайтанкөлдің адам білгісіз керемет сыры бар.

Бұл көлдің Шайтанкөл аталуы тегін емес. Себебі тостағанның орта тұсы қап-қара болып, иірімденіп жатады. Көлге түсіп шомылуға адам өзінен-өзі жүрексінеді. Тағы бір қызығы — көлдің қарсы жақ жағалауларының арасының алыс еместігіне қарамастан, кейде келесі жағадағы адамдар көрінбейді. «Шайтан алып кетті ме, қайда кетті?» дегеннен Шайтанкөл атанып кеткен екен дейді.
Шайтанкөлдің таудың ұшар басына орналасуының өзі табиғаттың құдіреттілігі. 1905 жылы Қарқаралы тауларының қарағай-қайыңды қолаттары тасқа шағылған болат шапқының шыңылымен жаңғырығып, орман-тоғайды мекендеген құс атаулы дүрлігіп, елігі елеңдеп, бұланы мөңірей қашқан бір оқиғаға куә болды. Қарқаралыға Омбыдан келген архиерей Михаил жергілікті орыс жұртшылығының өтінішімен Қарқаралының бір сілемі – Бұғылы тауының басына біткен Шайтанкөл көлінің маңын жын-періден аластау мақсатында мөлдіреп жатқан айдынның батыс жағалауындағы қойтасты тесіп, крест орнатты. Көлдің атауынан үріккен діндарлар «Бұл жер енді «Қасиетті көл» атансын» деп, ерекше рәсім атқарған екен. Бірақ қазақ ежелден «Әулиекөл» атап келген, тау басына біткен жұмбақ көлдің атауы өзгермеді! Қарағанды өңірі казактарының атаманы, Қазақстан Республикасының Орыс-славяндар мен казактар қауымдастығының мүшесі С.Раков бастаған топ жергілікті тұрғын қазақтар көл түбіне лақтырған зілтемірді қайыра алып шығуға ынта білдіргенмен, кресті су түбінен шығара алған жоқ. Крест осы күнге дейін көл түбінде жатыр
Сәбит Мұқанов, Серік Ақсұңқарұлы, Сырбай Мәуленовтер жырға қосып, шыңға біткен шараяқтағы шағын көл аңыз бен сұлу жырға арқау болып келеді…
Үшүңгір

Үш үңгір Мәліксай аңғарында, Қарқаралы қаласынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 1 гектар жерді алып жатыр. «Бұл гранит плиткаларынан тұратын шағын тасты каньон, оның жер астына апаратын үш жарық саңылауы бар. Шеткі үңгір онша үлкен емес. , оның ортасына су жиналған. Ортасындағы үңгір екі бөлімнен тұрады. Табиғи жол , аласалау ойық арқылы басқа бөлмеге апарады. Бұл бөлменің табиғи сөрелері бар. Бұл үлкен зал төбесі 3-4 метр биік. Адамдар емін-еркін, түрегеп жүре алады. Бүл үңгірлерді алғашқы қауым -тас дәуірінің адамдары суықтан, жауын-шашыннан қорғанған. Жалпы көлемі 35-40 шаршы метр болатын үш бөлмеге 10-12 адам сыйып кетеді. Бұл жерде қандай ыстық күндерде де қапырықты сезбейсің.
Филология ғылымдарының докторы, археолог-ғалым Әлкей Марғұлан 1947 жылы үңгірлерді зерттеп көрген кезде үй жануарларының сүйектерімен қырғыштар тауып алған соң жер асты мекендерін жаңа тас және қола дәуіріндегі адамдардың тұрағы деп атап кеткен.
«Үш үңгір» үңгірі мемлекет қорғауына алынған. Табиғи ескеткіш блып саналады. Қазақстанның Қарағанды облысы бойынша киелі жерлері географиясы тізіміне енеді.
Үлкен шатыр
Қарқаралы қаласының солтүстігіне ала жобамен бір шақырымдай жерде қаланы орап жататын жыңғылда үлкен жаппа-тас бар. Осыны «Үлкен палатка» немесе «Үлкен шатыр» дейді. Бұл 8-10 метрлік тереңдіктен тұратын құз жартас, ені 15-20 метр, биіктігі 8 метрге жетеді. Жаппа-тастың астында ірі-ірі қойтастар бар. Бұл үңгірде – «үлкен шатырда» жаңбырлы күндері немесе күннің ыстығынан 50-ге дейінгі экскурсанттар паналауаға болады. Осы жерден қарағанда қаланың көрінісі, оның көшелеріне дейін жақсы көрінеді. «Үлкен шатырдың» ең көңіл аударарлық бір көрінісі ондағы қалдырылған жазулар. Олардың көпшілігі тіпті ХХ-ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ жазылған тәрізді. «Үлкен шатырды» Қарқаралы тауларының «үй кітабы» деп тегін айтпаған.
Қызыл кент сарайы
Қызыл кеніш сарайы ескі Кент қаласының орнында орналасқан. Сарай кішігірім жазықта, барлық жағынан жартасты таулармен қоршалған. Сарай – XVI-XVII ғасырлардан қалған архитектуралық қалдықтар жәдігері. Ол Қарқаралыдан 50 шақырым жерде, Кент тауының шығыс жағында, Қызылсу өзенінің бойындағы Қызылкент шатқалында орналасқан. Қызыл кеніш сарайының құрылысы екі қабат етіп салынған, архитектуралық ескерткіш. Құрылыс материалына, осы өңірдің қызыл тасы қашап салынған. Кенттегі Қызыл кеніш сарайы 1832 жылдан белгілі. Қызыл кеніш сарайы 15 гектардан астам жерді алып жатыр. Өз дәуірінде сарайда шамамен 5000-ға жуық адам мекен еткен. Қалада сауда ісі жақсы дамыған. Оған себеп археологиялық қазба жұмыстары аясында сарайдан сауда орындары, сырт мемлекеттерден келген сауда бұйымдары табылған.. Оны археологтар 2011 жылы ашып, Қызыл кеніш орнында үлкен қала болғандығын және үлкен топырақтың астынан будда храмын тауып алады. Тексеру жұмыстары барысында сарайдың негізгі бөлігі, үш қосымша бөліктері және сарай маңында орналасқан оншақты зират орындары анықталды. Ғалымдардың сөзіне сенер болсақ, қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлердің көпшілігі жергілікті жердің жағдайына сай келмейді. Олардағы ою-өрнектер лама храмдарындағы дүниелерді әшекейлеу үшін қолданылатын өрнектермен ұқсас.

Соған байланысты зерттеушілер бұл будда дінінің лама тармағын ұстанушылардың ғибадатханасы болған деген қорытындыға келіп отыр. Оны ХVII ғасырдың 40-ыншы жылдары Хундулен-Убаши хан немесе сол ғасырдың 70-ыншы жылдары Очирту-Цецен хан тұрғызуы мүмкін. Бұл сарайдың ғұмыры ұзақ болмаған. ХIХ ғасырдың соңында құрылыс бұзылған. Жалпы Кент сарайы – Жоңғар хандығы тұсында пайда болған ескерткіш. Қызыл Кент үйіндісінің маңынан бидай тұқымы бар бірнеше қыш құмыра – будда дінінің заты табылды.
Аңыз бойынша Еділ бойындағы қалмақ ханы Аюкенің қызы Нежде сұлу шығыстағы жоңғар ханы Қоңтажыға ұзатылыпты-мыс. Аюке хан қызын мол жасауымен Қоңтажыға аттандырады. Сексен түйеге жүк артылып, сексен адам (қырық қыз бен қырық жігіт) керуенге ереді. Солармен бірге қазақтың бір батыры және қалмақтың бір батыры болады. Керуен Кент тауына келгенде аяқ астынан күн суытыпборан ұйтқиды. Керуен әрі қарай жылжымай, келген жерінде Кент тауының баурайында қыстап қалады. Керуен мүшелері хан қызына арнап сарай салуға кіріседі. Арқаның алты қысында хан қызы қазақ батырымен танысып, көңіл қосады. Сарайды қызыл гранит тастан тұрғызады.
Талды 2 қорымы.

Ерте темір дәуірі, біздің заманымызға дейінгі УІ-У ғғ.
Нысананың аты және уақыты: Талды 2 қорымы, ерте темір дәуірі;
Орналасқан жері: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов селолық округі;
Табылған уақыты: 2010 жылдың 14 шілдесі;
Анықтамасы: Қасым Аманжолов ауылынан ОШ 1,41 шм, Кент ауылынан ООШ 14,1 шм, Қарқаралы қаласынан 44,1 шм, әр дәуірлік құрылыстардан тұратын 60 нысан тіркелген:
а) 7 тас-топырақтан үйілген диаметрі 20-43 м, биіктігі 2-3,5 м сақ патшалары қорғандары;
б) 1,5 -2 м х 1,5 – 2 м. тік бұрышты 3 тас қоршау;
в) қалғандары диаметрі 1,5 м., биіктігі 0,3-0,2 м. тастан салынған нысандар.
2009-2010 жылдары Тасмола археологиялық мәдениетінің 6 сақ патша қорғандары зерттелді.
Зерттеу жұмыстарын тарих ғалымдарының кандидаты, археолог Арман Зияденұлы Бейсенов жүргізуде (Институт археологии им.А.Х.Маргулана).
Мұндағы 5 қорған бірегей деректер берді. Диаметрі 30 м., биіктігі 2,1 м. Қорған ерте заманда тоналғанына қарамастан, табылған бұйымдар ерекше ғылыми және мәдени құндылықтарға ие. Жүздеген ұсақ қабықша, түйіршектерді санамағанда, 130- дан астам алтын бұйымдар, 14 садақ жебесі, тас моншақтар бар. Ескерткіш мерзімі б.з.д. 6-5 ғ.
Мәдидің қара үңгірі
Мәди атамыздың қуғын көрген уақыттарда паналаған үңгірі. «Қара үңгір» деп аталады
Тарихи ескерткіштер
Ақ бандылар қолынан қаза тапқан 78 коммунардың зиратындағы мемориалдық ансамбль.
1921 жылы Ақмола түбінде жеңіске ұшыраған ақ банда отряды Қытай мен арадағы шекараға шегініп бара жатып Қарқаралы қаласына басып кіріп (халық үйі) аталған ғимаратта мәжіліс жасап отырған 78 революционер – большевиктерді қапыда қолға түсіріп аяусыздықпен қорлап өлтіреді.
1967 жылы Қарқаралы қаласының орталық алаңында қапада қаза тапқан Қарқаралы азаматтарына арнап ескерткіш қойылды.
Ескерткіш авторлары А.Билык пен А.Мальков. Ескерткіш бетоннан тұрғызылып гранитпен қапталған. Олардың бейнесі шешімділік пен қайсарлықты, қиын сәттегі өзара бірлік тұтастықты аңғартады.
«Азалы – Ана» мемориалдық комплекс
Ескерткіш 1970 жылы орнатылған. Мүсінші А.П. Билык. Биіктігі 8 метр, найза обелиск түбінде ұлттық киім киіп, екі қолын алдына салып тұрған қазақ әйелі бейнеленген.
Ана бейнесі туған ел, Отан деген ұғымды білдіреді
Нұркен Әбдіровтің ескерткіші
Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің ауылында қойылған бюст.
Нұркен Әбдіров 1916 жылы Қарқаралы оязындағы бесінші ауылда, яғни кәзіргі Нұркен ауылында дүниеге келді
1942 жылдың 19 желтоқсанында Ростов облысы Боковская станциясының Коньки хуторының маңында қайталанбас ерлік жасап, жалындаған самолетін жау әскерінің төбесіне жасындай қылып түсіріп, отан үшін жанын қиған Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтың ерлігі ұрпақтар есіне мәңгі сақталады және осы атақты тұңғыш иеленген аты аңыз жерлесіміз.
Нұркен Әбдіровке арнап мүсінші А.П.Билык ерлік рухының айқын көрінісін, батырдың Отан үшін ажалға бас тіккен қаһарман қалпын сомдап туған жерінде 1961 жылы бюст орнатылды.
2002 жылы Нұркен Әбдіровтың ерлік жасағанына 60 жыл толу мерекесіне орай туған жеріне самолет қойылды.
Тәттімбет ескерткіші
1990ж. Егіндібұлақ селосындағы тарихи-өлкетану музейі алдына қоладан құйған кеуде мүсіні қойылды. Авторы:Фазыл Ахметов
Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов ескерткіші
Қасым Аманжолов қазіргі Аманжолов ауылының «Ақтайлақ» жерінде 1911 жылы дүниеге келген.
Дауылпаз ақын соғыс жылдарында қолынан қаруы мен қоса қаламын да түсірмеген.
Қасым – қазақтың ұлттық ақыны. Ол бүкіл жан – тәнімен рухымен, ішкі сезім – күйімен, ақындық ойлау, жазу өнерімен қазақтың ұлттық болмысын толықтырады. Жыр әлемінде Абайдан кейін батыл ой айтып, айналасы теп – тегіс жұмыр келген өлеңдерін азаматтық өршіл үнмен, қазақи табиғаттылығымен, сырлы да нәзік сезіммен, саздылығымен өз өрнегін қалдырған ақын.
1991 жылы Қасым Аманжоловқа туған ауылында ескерткіш қойылды.
Қалибек Қуанышбаев ескерткіші
Актер, қазақ ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық артисі (1959 ж.), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952 ж.) Қалибек Қуанышбаевқа арналған ескерткіш.
Ақжол ауылындығы музей алдына 1993 жылы орнатылған. Авторы: Жаубасар Қалиев
Қаздауысты Қазыбек би ескерткіші

Ескерткіш 1995 жылы Егіндібұлақ селосының орталығында орнатылды.
Ескерткіштің іргетасы қойылған шақта бидің мүрдесі жерленген Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорымынан бір уыс топырағы әкелініп салынды. Арнайы барып топырағын әкелген Қ. Тоқышев.. Ұлы бабаның кескін келбетін сомдаған автор- еліміздің белгілі мүсіншісі Жаубасар Қалиев. Бұл қола мүсінде бабамыздың терең ойдың тұңғиығына батқан қыр мұрынды, кеудесіне түскен қою сақалын салалы саусақтарымен иегінен төмен қаусыра ұстап, қолында қамшысы, аяғында саптамасы, иығында жамылған шапанда отырған бейнесі бейнеленген. Ескерткіш Қарағанды көркем-сурет комбинатында жасалған.
Мәди Бәпиұлы ескерткіші
Қарқаралының қасиетті топырағынан дүниеге келген ұлы әншілер қатарына жататын екі ғасырдың түйісінде туған қазақтың белгілі композиторы, әрі әншісі, әрі ақын.Қазақтың сал – серілерінің соңғы тұяғы, ер жүрек батыр, ұлттық өнердің асқан шебері Мәди Қарқаралы уезі Едрей болысының үшінші ауылында дүниеге келген.Мәди Бәпиұлының ескерткіші 2007 жылы Мәдидің оққа ұшып, қаны тамған жерге орнатылған. Мүсіншісі Темірғали Махметов

Сарыарқаның әскери ұшқыштарына арналған ескерткіш мемориал.

Бұл жерде:
МИГ – 21 әскери ұшақ орнатылған.
Екі әскери зеңбірек.
Қарқаралы қаласынан соғысқа аттанып, майданда қаза болғандардың есімдері жазылған тақта.
Қарқаралы өңірінен шыққан Совет Одағының ұшқыш батырларының суреттері ілінген.
Шежірелі өлке, қасиетті Қарқаралы жері – ғаламшар кеңістігіне қазақтың қыраны, Совет Одағының батыры, “Халық Каһарманы”, “Ғасыр саңлағы” Тоқтарды ұшырды.
«Бәйтерек»
2004 жылы ашылған. Шежірелі де тарихи ел, қойнауы қазыналы жер, 180 жылдық тарихы бар қасиетті Қарқаралыда мәдени жәдігерлік монументтерінің қатарына тағы да бір зәулім ескерткіш қосылды. Ол Қарқаралының алып бәйтерегі. Қарқаралының қара топырағында дүниеге келген атақты ғұлама адамдар – мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлерінің фотосуреттері көрініс тапқан. Алып бәйтерек тек қана сол қалпында қатып қалған ескерткіш емес, бұл жер – Қарқаралы тарихы – қазақ тарихынан хабардар ететін киелі орын, бұл жер – жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар келіп, тағзым ететін, қонақтар келіп қала тарихымен танысып, халық құрмет тұтатын қасиетті орын.
Құнанбай қажы мен бала Абай ескерткіші
Құнанбай Өскенбайұлы мен ұлы Абайдың құрметіне қойылған ескерткіш. Сол замандағы бала Абайдың медреседегі оқудан демалысқа келіп, әкесімен кездесу сәті бейнеленген. Биіктігі 4 метрден асатын мүсін таза мыстан жасалған. Ескерткіш Құнанбай қажы мешітінің жанында 2019 жылы орнатылған. Ескерткіш авторлары: Талғат Байоразов пен Кенжебек Қосантаев.
Алаш арыстарына арналған ескерткіш
Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлімхан Ермековке арнап орнатылған ескерткіш. Ескерткіш жергілікті суретші Сәкен Дәулетбаев, мүсіншілер Талғат Байоразов пен Кенжебек Қошантаевтың авторлығымен тұрғызылды. Мүсіннің биіктігі 3,15 метр, салмағы 2 тонна. 2019 жылы орнатылды.
Қарқабат ана ескерткіші
Монумент қоладан құйылған. Биіктігі тұғырымен бірге 7,5 метрді құрайды. Мүсіннің авторы:Бейбіт Мұстафин. 2021 жылы қойылды.
Мейрамсопыдан тарайтын бес ұл: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа) «Бес Мейрам» деп аталатыны мәлім. Қарқабат Ана өзінен туған Болатқожамен бірге Мейрамның бірінші әйелі Нұрпаямен бірге елінен ере келген жеңгесінің ұлы Қамбарды (Балқожа), кейінірек туған Шұбыртпалы (Темірқожа) мен Жалықпасты да (соңғы екеуі Мейрамның өз кіндігінен) өз қамқорлығына алып, қоса тәрбиелеп өсірген ана! Олардың бәйбіше балаларымен тату болуына, іргелері сөгілмеуіне ғұмыр бойы күш салғаны ел ішінде әлі де аңыз боп айтылады. Тіпті, бәйбішеден туған Сүйіндіктің де емшек беріп өсірген, сүт анасы болған. Қарқабат ана тәрбиелеген аталған төрт атаның («Төрт Қаракесектің») тұқымының өзі қазіргі күнде қаулап өсіп, Сарыарқа бойын ен жайлап, қалың қазақ елінің шаңырағын көтеріскен, іргесін бекемдескен қабырғалы ру Қаракесек атанып отыр. Қарқабат анамыз ұзын саны бүгінде миллионнан асып отырған барша Қаракесек руының арғы ұлы анасы!







