"Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны" КМҚК

Жүсіпбек Елебеков

(1904-1977)

Жүсіпбек Елебеков – әнші (тенор). Қазақстанның халық артисі. Елебеков бес жасынан ән айтуды бастаған. Ән өнеріне оны ағасы Ж. Балғабайұлы баулиды. Кейін Ғ. Айтбаевтан, Қ. Байжановтан, Ә. Қашаубаевтан дәріс алады. Елебеков музыкалық фольклордың талантты насихаттаушысы болып табылады. Халық композиторларының шығармалары (“Ардақ”, “Айтбай”, “Құлагер” және т. б.) Елебеков репертуарының негізін қалайды. Абай әндерін де ол аса шеберлікпен орындаған. Қазақ драма театрының сахнасында ол Жапал бейнесін (М. Әуезов “Еңлік-Кебек” ) , музыкалық театр сахнасында Әлібек (М. Әуезов пен И.В. Коцыканың “Айман-Шолпаны”), Төлеген (Е. Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегі”) бейнелерін сомдады. Елебеков өнері көңіл – күй иірімдері, сезім байлығымен ерекшеленеді.

Әнші Жүсіпбек Елебеков Егіндібұлақ ауылы Қарағанды облысында 28.08.1904 жылы дүниеге келеді. Ағасы белгілі әнші Жақыпбектен тәлім алған ол өз бойына халық арасындағы жезтаңдай Ғаббас Айтпаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтардан үлгі- өнеге алып, арқаның сан-алуан бай ән дәстүрін бойына сіңіре білді. Осылармен қосылып жиын-тойларда, жәрмеңкелерде, көпшілік арасында кештерде ән салғанда жас әнші небәрі 15 жастан енді асқан еді. Жүсіпбектің әншілік және актерлік талантын байқаған ел азаматтары оны 1920-1922 жылдары Семейдегі “Ес-Аймақ” атты драма үйірмесіне тартады, онда ол алғаш рет концерттерге шығып сахналық қойылымдарға қатынасады.

1931-1935 жылдары Жүсіпбек Елебеков Қазақ драма театрында әртіс болып істейді, онда ол тек әншілік қырынан көрініп қана қоймай көптеген есте қаларлық драмалық және опералық кейіпкерлер бейнесін жасайды. “Айман-Шолпан” музыкалық комедиясында Әлібек, “Еңлік-Кебекте” Жапал, алғашқы қазақ операсы “Қыз-Жібекте” Төлеген болып ойнады.

Біртіндеп көпқырлы әнші талантының сыры ашыла бастайды. Келе-келе ол ертеден бастау алған халқымыздың ұлттық әншілік дәстүрін кең өрістетіп дамытуға – қазақтың классикалық әндерін домбырамен сүйемелдеп айтуға біржола бет бұрады. Оның 1935 жылы филармонияға ауысып 1960 жылға дейін сонда істеуі заңды да табиғи нәрсе болатын, 1960 жылдан 1977 жылға дейін Қазақконцертте істейді. Бұл кезде ол әншілік өнердің нағыз хас шебері, майталманы, асқан орындаушы дәрежесіне көтеріледі. Бұл оның атақты әнші ретінде халқының махаббатымен зор құрметіне бөленген тұсы еді.

Жүсекең қазақтың классикалық ән өнерін насихаттаушы әрі оны асқан шеберлікпен орындаудың ерен үлгісін көрсетіп республикадан басқа шет жұрттарға шығып таныта білді. Әнші 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері Декадаларында, 1950, 1955 жылдары Қытайда, 1960 жылы Монғолияда, 1967 жылы Индияда болып ән салды, оның дауысын Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ елі де сүйсіне тыңдады. Ол қазақ радиосында әнші болып жұмыс істеді, әндері радиодан шырқалып жатты, өзінің қатысуымен телефильм түсірілді.

Жүсіпбек Елебековтың өмірі мен шығармашылығындағы ең бір елеулі кезеңі – оның Эстрада-цирк студиясында ұлттық ән салу дәстүрінен дәріс беріп ұстаздық еткен 1967-1977 жылдары еді. Арқаның домбырамен ән салу дәстүрі үзілмей жалғасып қаймағы бұзылмай сақталып бізге жетіп отыр. Бүгінгі Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сынды өнер саңлақтары осы ұлы Жүсекеңнің шәкірттері.

Жүсіпбек Елебековтың репертуарында Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Ыбырай, Естай, Майра, Жарылғапберлі сияқты қазақтың халықтық кәсіби композиторларының ел арасына кең жайылған жарқын да тамаша әндері болды. Әнші бұларды нақышына келтіріп әрлеп, өңдеп өз мәнерімен ширата, шарықтата классикалық дәрежеде биікке көтеріп мінсіз етіп орындай білді.

Ж.Елебеков шығармашылығында Абайдың ән мұрасының орындалуы айрықша шоқтығы биік, орны өзгеше. Жүсіпбек Абайдың лирикалық ән қазынасын айтушылардың ішіндегі асқан шебер, ғажап орындаушысы еді. Ол “Татьянаның хаты”, “Сегіз аяқ”, “Көзімнің қарасы”, “Бойы бұлғаң”, “Ата-анаға көз қуаныш” әндерін тек айтып қана қоймай, бұл әндердің музыкалық- эстетикалық көркемдігін, айтар ойын, мазмұн-мағанасын, ән бойындағы жаңалығын, саздың сұлулығын барынша көркемдеп, әрлеп тыңдаушыға жеткізуші еді.

Үлкен өнерпаз, тарлан талант иесі Жүсіпбек өнері көзі тірісінде лайықты дәрежеде өз бағасын алды да. Ол отанымыздың сол кездегі ең жоғарғы дәрежелі Ленин және “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды, Қазақ КСР-ң халық әртісі, Қазақ КСР-ы Мемлекеттік силығының лауреаты құрметті атақтарын иеленді.

Жүсіпбектің асқан әншілік өнерінің ықпалы бүгінгі күнде – қайта жаңғырып, қайта түлеп жатқан дәстүрлі музыка орындаушыларымыз арасында өркендеп, оның жолын қуған жас буын әншілеріміз ұлы әнші, хас шебердің ән мұрасын өздерінің шығармашылық үрдісіне нысана етіп жалғастырып сақтап келеді.

 

 

Басшы

Абишева Назым Болатовна Өмірбаян