Тәттімбет Қазанғапұлы
Тәттімбет Қазанғапұлы
(1815-1862)
Тәттімбет Қазанғапұлы 1815 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туып, – 1862 жыл. қайтыс болған) — қазақ күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі.
Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс-Сібір генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: «Тәттімбет — ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды.Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған » (ООМА, 3-қор, 3-тізім, 3902 -іс). Тәттімбет Ресей патшасы II Александр-нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты-ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан-сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяк, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған.
Оның өнеріне Біржан сал: «Тәттімбет — ардагерім, Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына», — деп сүйсінеді. Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Домбырашылық өнер арғы ата-тегінен дарыған. Алғаш домбыра тартуды әкесі Қазанғаптың інісі Әлиден үйреніп, анасы Ақбөпеден тәрбие алған. Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйі бар.Тәттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол негізінен лирикалық композитор. Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріндегі лирикадық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді.
1855 жылы 24 наурызда Ресей патшасы Александр ҚҚ-нің таққа отыру тойына Тәттімбет өнерпаз ретінде Сарыарқа қазақтарының өкілдерімен бірге Санкт-Петербургға барған. Осы сапарында өзінің тамылжыта тартқан күйлері арқылы Ресей астанасының өнер сүйер қауымының назарын аударып, күміс медальға ие болды. Сол медальді Егіндібұлақ ауданы “Қаратау” кеңшарының тұрғыны Тәттімбеттің шөбересі Өзек Кәбішұлында сақтап қалған.
Тәттімбет күйлерін насихаттаған өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай, сондай-ақ домбырашылар Н.Шынтеміров, Ғ.Айтбаев, А.Әжібекұлы, С.Қарабаева, Т.Түсіпбеков, Ғ.Кәріпбеков, т.б. күйшінің өзіндік ерекшеліктерін сақтап, күй тарту мектебіне айналдырған. Кеңес дәуірінде Тәттімбет күйлерін Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов, сондай-ақ М.Тілеуханов, А.Байбосынов, Ж.Нұржауов, т.б. кәсіби күйшілер орындап, насихаттады. Қазақ композиторларының камералық-аспаптық, симфониялық және опералық туындыларында Тәттімбеттің көптеген күйлері пайдаланылды. Мысалы, Евгений Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсында “Былқылдақ”, “Қос басар”; “Жамбыл” фильмінде “Сары жайлау” күйлері орындалады. Мансұр Сағатов Тәттімбеттің “Сылқылдақ” күйін эстрада оркестрінің сүйемелімен трубаға арнап пьеса жазды.
Күйшінің туған жерінде Егіндібұлақ халық аспаптар оркестрі, Қарағанды қаласындағы музыкалық училище Тәттімбеттің есімімен, ал Ақтоғай ауданындағы халық ансамблі композитордың есімімен аталады. 1984 жылы Егіндібұлақ ауданында композиторға ескерткіш-белгі (мүсіншісі Ж.Молдабеков, археолог А.П. Малков) қойылды. Алматы мемлекеттік консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) 1971 жылдан шертпе күй класы жұмыс істейді. Ол Тәттімбет күйлерін негізге ала отырып, Қазақстанның басқа да өңірінің шертпе күй дәстүрлерін жинақтап үйретеді.