Шолпан Жандарбекова
(1922-2005)
Шолпан Исабекқызы Жандарбекова (1 қаңтар 1922, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы — 14 қыркүйек 2005 Алматы) — актриса, Қазақстанның халық артисі (1959; 1945 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі), КСРО халық артисі (1982).
Арғын тайпасының Қаракесек руынан шыққан.
Алматы театр-көркемсурет училищесін бітірген (1942). Оқып жүрген кезінен Қазақ драма театрына қабылданып (1941), сахнаға шыға бастады. Алғаш ойнаған рөлі — М.Әуезовтің “Сын сағатта” спектакліндегі Рәш қыз. Жандарбекова отандық драматургтер пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді орындап, мүсінді, сымбатты, ажарлы арулар галереясын жасады. Бұлардың ішінде Әуезовтің “Еңлік — Кебегіндегі” Еңлік, “Қара қыпшақ Қобыландыдағы” Құртқа, “Абай” трагедиясындағы Тоғжан, “Айман — Шолпандағы” Шолпан, “Түнгі сарындағы” Жүзтайлақ, “Абай әні” кинофильміндегі Мағыш бейнелері бар. Ғ.Мүсірепов пьесалары қойылымындағы — Ақтоқты (“Ақан сері — Ақтоқтыда”), Баян (“Қозы Көрпеш — Баян сұлуда”), Ш.Хұсайыновтың “Алдаркөсесіндегі” Қарашаш, “Қилы-қилы тағдырларындағы” Рәуәш, т.б. бейнелердің ішкі иірімдері мен көңіл күй толғаныстарын нәзік те терең ашқан шеберлігімен Жандарбекова сахна өнері тарихында қалды. Әсіресе, Ақтоқты бейнесін қайталанбас бірегейлікпен мүсіндеді. Ол Салқия (Ә. Әбішевтің “Күншілдігінде”), Марфуға, Ева Бройер (Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, “Құдағи келіпті” және “Жат елдесінде”), Үрия (Ә.Тәжібаевтың “Той болардасында”), Фатима ханым, Жаңыл (Т.Ахтановтың “Анты” мен “Боранында”), Алмагүл (Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың “Көктөбедегі кездесуінде”), Ажар (С.Жүнісовтің “Ажар мен ажалында”; Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы, 1980), Жамал (“Қ.Мұқашевтың “Парторгінде”), т.б. рөлдерді ойнап, өз замандастарының сан қилы кескін-келбетін ашты. Оның Марианна (Ж.Б. Мольердің “Сараңында”), Дездемона (У.Шекспирдің “Отеллосында”), Шырын (Н.Хикметтің “Фархад — Шырынында”), Негина және Кручинина (А.Н. Островскийдің “Таланттылар мен табынушылары” және “Жазықсыз жазалыларында”), Параська (Я.А. Галанның “Таң алдындағы махаббатында”), Кей (М.Каорудың “Шығыстағы бір бейбағында”), т.б. бір топ рөлдері — отандық сахнагерлердің классик. шығармаларды меңгеруінің үлгісі іспетті.
- 1945 жылдан киноға түскен: Мағыш (“Абай әнінде”), Баян (“Махаббат дастанында”), Зияда (“Дала қызында”, 1954), т.б. рөлдерді орындады.
- 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.
- 1968 жылдан пед. қызметпен (әуелі Алматы мемл. өнер инcтитутында
- 1978 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында;
- 1983 жылдан профессор болып жұмыс атқарды.
Фильмографиясы:
- 1945 — Абай әндері — Мағиш
- 1954 — Дала қызы — Зияда
- 1954 — Махаббат туралы аңыз — Баян-сұлу
- 1962 — Жол түйісі – эпизод
Марапаттары
- Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы, 1980
- Отан ордені
- Ерен еңбегі үшін медалі
- 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдермен марапатталған.