"Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны" КМҚК
Мұстақым Малдыбай
(1880 – 1927)
Мұстақым Малдыбайұлы – Тәуелсіздік жолында азаттық мұраты үшін, Алаш идеясының тұғыры үшін шаһид кеткен боздақ. Саяси қайраткер. «Алаш» атты әскерін құрысқан, полк құрамында болған тұлға. Семей облыстық қазақ комитетінің ағзасы, төралқа мүшесі.
- 1880 жылы – Семей облысының Қарқаралы уезі, Едірей болысының №12 ауылында (қазіргі Қарқаралы ауданы, Мәди ауыл округінде, Едірей тауының баурайындағы Қарадыр деген қоныс) дүниеге келген.
- Жас талап сол кездегі замандастары тәрізді ауыл молдасынан сауатын ашқан Мұстақым Тройцкідегі орыс-қазақ мектебінен дәріс алған. Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған. Уфада оқып жүргенде Ғазиза Ғайнулла деген татар қызына үйленген. Ғазиза 1891-1893 жылдары туып, 1928 жылы қаңтар айында Мұстақымның қырқының алдында қайтыс болған.
- 1909 жылдың күзінен 1911 жылдың жазына дейінгі аралықта Жетісу өңіріндегі Мамания мектебінде әрі оқытушы, әрі директор болып қызмет атқарады.
- 1911 жылы – Семей қаласына қоныс аударып, Семей мұғалімдер семинариясына қызметке орналасқан. 1911-1920 жылдары осы семинарияда оқытушы қызметін атқарған.
- 1911-1918 жылдары – «Айқап» журналы (1911-1915), «Қазақстан» (1911-1913), «Қазақ» (1913-1918), «Алаш» (1917-1918), «Сарыарқа» (1917-1918) ұлттық басылымдардың беттерінде Мұстақым Малдыбайдың публицистикалық шығармалары жарияланған. Оның мақалалары «М.М», «Азамат Қорықпасов», «Мұстақым», «Ризабек Сәулеев» деген бүркеншік аттармен жарияланған.
- 1912 жылы – Алаш қайраткері, ағартушы Елеусіз Бұйраұлының «Ызың» жинағына М. Малдыбайдың «Туған жерім» атты өлеңі енген.
- 1912 жылы – «Қазақша ең жаңа әліппе» мен «Қазақша оқу кітабы» деген екі кітабы жарыққа шыққан.
- 1914 жылы – «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» кітабы жарық көрген.
- 1917 жылы – Алаш Орда үкіметінің Семей комитетіне мүше болған.
- 1918 – 1919 жылдары – Алаш қалалық Думасының төрағасы Биахмет Сәрсеновтың орынбасары болып, шаһардың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласқан
- 1923-1926 жылдары – Совет үкіметінің жаңа экономикалық саясатына (НЭП) байланысты, елге келіп кәсіпкерлікпен шұғылданып, жер алып Қу өңірінің ірі кәсіпкеріне айналады. Мал бордақылау орнын ашып, одан қала бере Семейден бірнеше дүкен ұйымдастырған.
- 1925 – 1926 жылдары – Мұстақым «Алаш ісі» бойынша күдікті ретінде бақылауда жүрген әрі Қарқаралыдағы қазақ мектебінде оқытушы болып қызмет істеген.
- 1927 жылдың желтоқсанында – Алаш мұғалімі, қайраткер, публицист Мұстақым Малдыбай 47 жасында қайтыс болған. Сүйегі Қарқаралы ауданы, Сарықияқ деген жерге жерленген.