"Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны" КМҚК

Әлжаппар Әбішев

(1907–2001)

Әбішев Әлжаппар — Қазақстанның Халық жазушысы (1985). Арғын тайпасы, Қаракесек руының Қамбар бұтағынан шыққан. 15 қазанда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Еңбек жолын Қарағандыда шахтер болудан бастаған. Сол кезден бастап алғашқы әңгімелерін жазған.«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Тұңғыш әңгімелері «Завал» (1936), «Еңбек ері – ел еркесі» (1938) жұмысшылар өмірін суреттеуге арналған. «Армансыздар» повесінде қазақ шаруаларының өмірін суреттесе, «Төлеген Тоқтаров» (1944), «Саржан» (1945), «Үлкен жолда» (1948), «Терең тамырлар» (1952) повестерінде, «Жас түлектер» (1945), «Сахара сәулеті» романында, «Намыс гвардиясы» (1942, М.Әуезовпен бірігіп жазған), «Отан үшін» (1949), «Қырағылық» (1941), «Мен өлмеймін» (1948), «Достық пен махаббат» (1947) пьесаларында қазақ халқының майдандағы, елдегі жанқиярлық қажырқайратын, олардың жеңіске деген сенімін шынайы көрсетеді. «Достық пен махаббат» пьесасы кезінде қазақ драматургиясына қосылған үлкен үлес ретінде бағаланды. «Бір семья» (1948), «Күншілдік» (1954), «Кім менің әкем?» (1954), «Сәкен» (1965), «Белгісіз батыр» (1966), «Армандастар» (1966), «Мансап пен ұждан» (1977), «Мәди» (1977), «Көлеңкелер қалай жоғалады» (1978), «Нұрлы жаңбыр» (1981), «Кәусар» (1982), «Ажалсыз адам» (1983), «Сәкен аманаты» (1987) пьесаларында адамгершілік, мораль тақырыптарын қозғады. «Найзағай» (1969), «Атыңнан айналайын» (1988) романдарына халық композиторы Мәдидің өмірі мен шығармашылық жолы өзек болды. «Шерлі шежіре» эссе кітабында қаламгер өзі көріп, куә болған заман тақсыретін зерделей әңгімелейді. Жазушының сан алуан тақырыптарға жазған драмалық шығармалары ұзақ жылдар бойына республикалық, облыстық театр сахналарында үзбей қойылып келеді.Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы (1985). Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.Шығармалары: Саржан. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1944; Жас түлектер. Роман. А., ҚМКӘБ, 1945; Таңдамалы шығармалары. 1–2т., А., ҚМКӘБ, 1957–1959; Замана балалары. Повестер. ҚМКӘБ, 1961; Найзағай. Роман. А., «Жазушы», 1969; Сәуленің күлкісі. Повестер. А., «Жазушы», 1978; Шығармаларының бес томдық жинағы А., «Жазушы», 1981–1983.

Басшы

Абишева Назым Болатовна Өмірбаян